ЭЦҚ-ны орнатып болдыңыз делік. Енді оны пайдалану ғана қалды. Ол қалай жұмыс істейді?
ЭЦҚ-мен жұмыс істеу Сізге ешқандай қиындық туғызбайды. Ол үшін арнайы білімнің қажеті жоқ.
ЭЦҚ-ны пайдалану бөлімінде біз қолтаңбаны пайдаланудың бір мысалын келтірейік. Мысалы, Сіз Жылжымайтын мүліктің жоқтығы (барлығы) туралы анықтама аламын дедіңіз. "Электронды үкіметтің" www.e.gov.kz порталына кіріп, тіркеліңіз.
Тіркелу жайында бірер сөз. Порталда тіркелу үшін Сізге ЖСН (ИИН) қажет. Өзіңіздің ЖСН-ді енгізсеңіз, Портал Сіздің аты-жөніңізді өзі шығарып береді, себебі Портал жеке тұлғалардың деректер базасымен тығыз байланысты. Осыдан кейін сайтта Сіздің «Жеке кабинет» пайда болады.
Сонымен, санаттар бойынша немесе мемлекеттік органдар бойынша керекті анықтаманы тауып, тапсырысты толтырып, өзіңіздің электронды қолтаңыңызбен қол қоясыз (құжаттарға ЭЦҚ-ны қалай қоюға болатындығы жөнінде ақпаратты мына жерден ала аласыз). Содан кейін Әділет министрлігінен жауап күтесіз. Ең көбі 5 күннен кейін Сізге заңды анықтама келеді. Оны Сіз принтерден басып шығарып алып, қажетті органдарға немесе ұйымдарға заңды құжат ретінде ұсына аласыз.