ЭЦҚ алу үшін неден бастау керек? ЭЦҚ-ны алғаш рет пайдаланушыларға ыңғайлы болуы үшін біз осы бағытта жасалатын жұмыстарды қадамдарға бөліп көрсетуге тырыстық.
1 қадам. Ең алдымен, Сізге еліміздегі жеке және заңды тұлғаларына ЭЦҚ берумен айналысатын Ұлттық куәландыру орталығының (бұдан әрі - Орталық) http://www.pki.gov.kz/ сайтына кіріп, басты беттегі "Жеке тұлғалар үшін ЭЦҚ алу" түймешігін басыңыз.
2 қадам. Ашылған бет парағында Сізге ЭЦҚ-ны пайдаланушыға нұсқаулықты (өкінішке орай, әзірге орыс тілінде ғана беріліпті), "Криптопровайдер" бағдарламасын және "Java" бағдарламасын көшіріп алу ұсынылады. Айтылған кеңестерді орындаңыз. Көрсетілген нұсқаулық пен бағдарламаларды алдымен өз компьютеріңізге көшіріп (скачать) етіп алып, содан кейін қондырыңыз. Бұл бағдарламалар Сіздің ЭЦҚ-дың қалыпты жұмыс жасауы үшін қажет бағдарламалық орталар болып табылады. Мысалы, үй жағдайында балықтың өмір сүруі үшін аквариум мен су қажет емес пе. Сол сияқты ЭЦҚ-ны балық деп елестетсек, криптопровайдер мен Java-ны - балық өмір сүретін аквариум және су деп есептеңіз :-) Қондырып болғаннан кейін, компьютерді сөндіріп, қайта қосыңыз. Әйтпесе, қондырылған бағдарламалар іске қосылмайды.
Бұл қадамды орындау барысында қандай проблемалар кезігуі мүмкін? Атап өтелік:
1) криптопровайдердің Сіздің компьютерге орнатылмауы; бұл жағдайда бұрын Сіздің компьютерге криптопровайдер орнату әрекеті жасалып, ол аяғына дейін орындалмай қалған болса, онда компьютерге енгізілген барлық бағдарламалардың тізбесін ашып, оны жою қажет; содан кейін криптопровайдерді жаңадан орнатыңыз;
2) бағдарламалардың орнатылмауы немесе дұрыс орнатылмауы; бұл жерде атап өтетін мәселе, бағдарламаларды орнату үшін Сіздің компьютеріңіз белгіленген минимальді талаптарға сай келуі тиіс; жалпақ тілмен айтқанда, компьютер тым ескі және әлсіз болмауы тиіс; компьютерге қойылатын ең аз талаптар тізімі мына нұсқаулықта көрсетілген.
3 қадам. ЭЦҚ алуға өтінім (тапсырыс) беру. Ол үшін "Сертификаттарды online-да шығаруға тапсырыс беру" түймешігіне басып, бірінен кейін бірі алты қадамды (қадамдар көбейіп кетті ме, қалай өзі:-) орындап шығыңыз. Ол қандай қадамдар?
Бірінші қадам - жүйе Сіздің компьютерде тиісті бағдарламалар орнатылғандығын тексеріп шығады. Егер Сіз "Tumar CSP криптопровайдерін" және "Java" бағдарламасын орнатқан болсаңыз, онда жүйе Сізді екінші қадамға көшіреді.
Екінші қадам - Сіз жеке немесе заңды тұлға екендігіңізді нақтылаңыз. Біздің сайт, негізінен, жеке тұлғаларға арналғандықтан, Сіз "Жеке тұлға" түймешігін басты деп жобалайық.
Үшінші қадам - бос орынға өзіңіздің ЖСН-ді (ИИН) енгізіңіз. Содан кейін жүйе автоматты түрде Сіздің кім екеніңізді, Сіздің толық аты-жөніңізді өзі шығарып көрсетеді. Ал, Сіздің міндетіңіз - бос орынған өзіңіздің e-mail-ді енгізу (сақ болыңыз, e-mail жеке өзіңіздікі болған дұрыс).
Төртінші қадам - Өзіңіз жайлы қажетті деректерді енгізіңіз - облыс, қала, Тіркеу орталығыңыз (Халыққа қызмет көрсету орталығы), кілт сақталатын қондырғының түрі (негізінен, жеке компьютер), кілт түрі (ГОСТ және RSA, яғни екеуін де таңдаңыз).
Бесінші қадам - енгізген деректеріңізді тағы да тексеріп шығыңыз. Егер қажет деп тапсаңыз, "Редактировать" түймешігіне басып, тиісті түзетулерді енгізіңіз. Егер бәрін дұрыс деп тапсаңыз, "Подать заявку!" түймешігін басыңыз.
Алтыншы қадам - Сіздің тапсырысқа нөмір беріледі. Осы нөмірді жазып алыңыз. Одан да дұрысы - жүйе ұсынып отырған өтінімді Word форматында көшіріп алыңыз. Ол үшін "Распечатать заявление" түймешігін басыңыз. Оны кейін принтерден басып шығарып алып, өз қолыңызды қойыңыз.
Сөйтіп, тапсырыс беру сәтті өткеннен соң Орталыққа немесе Орталық филиалына (әдетінше, барлық облыстарда Тіркеу орталықтары Халыққа қызмет көрсету орталықтарында орналасқан) жеке өзіңіз барып, қажетті құжаттарды ұсынуыңыз қажет. Қажетті құжаттар деп отырғанымыз:
1) өтінім (үлгі бойынша);
2) егер өзіңіз болсаңыз, онда жеке басыңызды куәландыратын құжаттың (жеке куәлік, паспорт, уақытша куәлік) төлнұсқасы және көшірмесі;
3) егер тіркеу орталығына өзіңіз келе алмасаңыз, онда Сіздің атыңыздан сенімді адамыңызға рәсімделген нотариус арқылы куәландырылған сенімхат (үлгі бойынша) және сенімді адамыңыздың жеке басын куәландыратын құжат.
4 қадам. ЭЦҚ-ның келуін күту. Ұлттық куәландыру орталығының Тіркеу орталығы құжаттарды қабылдайды және тапсырысты растайды. Деректерді өңдегеннен кейін, өтінімде (тапсырыста) көрсетілген электрондық адреске тіркеу куәліктері жіберіледі. Тіркеу куәліктері дегеніміз екі сертификат пен екі кілт: кілттердің біреуі - жабық, біреу - ашық (жабық және ашық кілттің қосындысы - Сіздің ЭЦҚ). Жабық немесе құпия кілт – электронды сандық символдар жүйесі. Ол ЭЦҚ ғана белгілі сонымен қатар, электронды қол алудың негізгі элементі болып табылады. Ашық кілт — сандар жүйесі, ол тек Сіз және Сізбен қарым-қатынас жасайтын органға ғана белгілі. Ол қолды тексеру үшін қолданылады. Орталықта Сіздің ашық кілтіңіздің көшірмесі бар.
5 қадам. ЭЦҚ компьютерге орнату. Кілттерге байланысты сертификаттарды орналастыру туралы ақпарат алдында көшіріп алған бағдарламаның папкасында бар. Сіз шатасып қалмас үшін кілттерді орнатудың нұсқаулығын ұсынамыз. Сондай-ақ туындайтын сұрақтарыңызға біраз жауаптарды «Форум» бөлімінен ала аласыз. ЭЦҚ және тиісті бағдарламалық қамтамасыз етулерді қондыру жөніндегі бейненұсқаулықтар да бар.