Сәлем, достар!
Сайт, Сіз көріп отырғандай, электрондық цифрлық қолтаңба тақырыбына арналған.
Бұл сайтта біз соңғы кезде көп айтылып жүрген электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі - ЭЦҚ) туралы, оның пайдасы мен артықшылықтары жайлы баяндайтын боламыз. ЭЦҚ-ны қалай орнатуға болады, оны қалай пайдалану керек, яғни ЭЦҚ-ны қолданудың техникалық тұстарын да назардан тыс қалдырған жоқпыз.
Ақпараттық технологиялар біздің өмірімізге біртіндеп еніп жатыр. Шүкір, Қазақстан да заман көшінен қалмақ емес. Бүгінде мемлекет бізге үйден шықпай-ақ мемлекеттік қызмет түрлерін алу үшін жағдай жасап отыр. Мұның барлығы "Электрондық үкімет" бағдарламасы шеңберінде жасалып жатқан дүниелер. Біз әңгімелейтін ЭЦҚ-ның шығу тарихын түсіну үшін сайтымыздың мына бетінде "Электрондық үкімет" туралы жалпы ақпарат орналастырдық.
"Электронды үкімет" бағдарламасының құрамдас бөлігі ретінде 2005 жылы www.egov.kz/ веб-порталы (бұдан әрі - Портал) - іске қосылды. Портал озық технологияларды пайдалана отырып, жеке және заңды тұлғаларға on-line режимде алуға болатын 60-тан астам қызметтерді ұсынады.
Осы қызметтерді пайдалану үшін Сіздің жеке электрондық цифрлық қолтаңбаңыз (бұдан әрі - ЭЦҚ) болуы қажет.
2. ЭЦҚ-ның пайдасы қандай? Оның Сізге әкелер пайдасы көп. Сіз «Электронды үкімет» порталында тіркеліп, үйде отырып-ақ онлайн режимде мемлекеттік органдардың қызметтеріне қол жеткізе аласыз. Басқаша айтқанда, ЭЦҚ-ны пайдалана отырып, Сіз уақытыңызды және мүмкін боларлық жол шығындарын үнемдейсіз. Осының өзі жетіп жатыр емес пе? ЭЦҚ-ның басқа артықшылықтары жөнінде мына жерден толығырақ оқуыңызға болады.
3. ЭЦҚ кімге керек? Бұл сұраққа берер жауабымыз мынадай: ЖСН-і (орысша - ИИН) бар Қазақстан Республикасының кез-келген азаматы ЭЦҚ-ны алуға және пайдалануға құқылы. Яғни, туу туралы куәлігін алған кішкентай баладан бастап егде жасқа келген аға-апаларымызға дейін Порталдың қызметіне жүгіне алады. Әрине, кішкентай балаға Порталдың қызметі онша қажет емес екендігін жақсы түсінеміз :-)
4. Қауіпсіздік мәселесі. Көптеген азаматтарды және қазіргі ЭЦҚ иелерін ЭЦҚ-ның көшірмесін жасау мүмкiн бе деген сұрақ толғандырады. Қазақстандағы және әлемдегі ЭЦҚ-ны пайдаланудың тәжірибесі көрсетіп отырғандай, оның жасанды көшірмесін жасау мүмкін емес. Ұлттық куәландыру орталығы банктiк жүйені клиенттердiң пластикалық карточкасының кодтарын бұзудан қорғауы арқылы қолдың иесін сәйкестендіреді және ЭЦҚ құралдарымен оны қамтамасыз етедi.
Жабық кiлт құпия сақталады және ол тек қана оның иесіне белгiлi болады. Одан басқа ешкiм электрондық қолмен құжатқа «қол қоя» алмайды. Сонымен бірге, электрондық құжатты қабылдаған кез-келген мемлекеттiк орган құжаттың иесi қол қойғанын және құжаттың бұрмаланбағанын тексере алады. Осылайша, ЭЦҚ-ны бiр құжаттан (қағаз құжатта немесе факсимилені пайдалануда кәдiмгi қолды көшірумен немесе сканерлеумен ұқсастығы бойынша) басқаға көшiру мүмкiн емес.
Ескертпе. ЭЦҚ-ны алу мәселелері бойынша қосымша ақпаратты Сіз Порталдың 1414 немесе 8-800-080-7777 телефоны арқылы (ҚР аумағындағы тегін телефон желісі), сонымен қатар, олардың электронды мекенжайына: support@pki.gov.kz хабарласа аласыз.
Пайдалы сілтемелер:
1) www.pki.gov.kz - "Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландыру орталығы";
2) www.egov.kz – Қазақстан Республикасының Электронды Үкімет порталы.